Экологиялық, энергетика және шикізат проблемалары



Экологиялық проблема. Экологиялық проблема − қоғам мен табиғаттың арақатынасы және қоршаған ортаны сақтау жайлы проблема. Мыңдаған жылдар бойы адамдардың тiршiлiк әрекетi нәтижесiнде, қоршаған орта өзгерiп, ластанып, бүлiнуде. Олар техникалық мүмкіндіктерді, өндiрiстiк күштi неғұрлым меңгерген сайын, табиғат пен биосфераға әсері арта түсті.

ХХ ғасыр − ғылыми-техникалық прогресс, ғылым, техника мен технологияның жанданған ғасыры. Адам қоғамының табиғатқа салмағы арта түсіп, экологиялық проблемалар ауқымы жөнінен ғаламдық сипат алды.

Алғаш рет «экология» терминін 1866 жылы неміс биологы Э. Геккель қолданды. Ғалым «экология» жануарлар мен өсімдіктердің қоршаған ортамен байланысымен айналысады деп түсінді. Бүгінде экология туралы айтқанда қоғам мен қоршаған ортаның өзара әрекеті туралы проблеманы зерттейтін ғылым ретінде түсінеміз.

Қоғам мен табиғат арасындағы қатынастарды шартты түрде үш топқа бөлiп қарастыруға болады:

• Табиғатты ұтымсыз пайдаланудан қоршаған ортаның нашарлауы ─ орманның сиреуi, топырақтың құнарсыздануы эрозия), шөлдену көлемінің өсуі, т.б.

• Географиялық қабықтың (литосфера, гидросфера, атмосфера) антропогендiк әрекет әсерiнен қатты, сұйық және газ түрiндегi қалдық (мұнай, тұрмыстық (пластмасса, полиэтилен т.б.) мөлшерінің (40 млрд т) артып, ластануы.

• Өндiрiстік кәсіпорындарда шығарылатын химиялық заттар мен (түтін, ауыр металдар, улы газдар т.б.) қоршаған ортаның улануы.

Сонымен қатар, экологиялық проблема мына сфераларды да қамтиды: климаттың өзгеруі мен атмосфераның құрамын; озон қабатының бұзылу қаупі; Дүниежүзілік мұхит пен тұщы судың ластануын; ормандарды және биологиялық көптүрлілікті сақтау; табиғат ресурстарын пайдаланудың ұлғаюы және т.б.

Ауыр өнеркәсіп (тау-кен, энергетика, қара және түсті металлургия, мұнай, химия) салаларының жұмыс барысында шығаратын көмірқышқыл газының (СО2), метан және хлорфторсутек қоспалары, сынап қосындылары т.б. улы газдардың және жылдан жылға саны артып отырған автокөліктер шығаратын түтіннен атмосфераның құрамы өзгеріп, тепе-теңдік бұзылды. «Жылыжай эффектісі» әсерінен климат өзгерді. Қазірдің өзінде ғаламшар температурасы 0,7°С-қа көтеріліп, «Жаһандық жылыну үрдісі» қаупі туды. Климаттың ғаламдық жылынуынан мұздықтардың еріп, көлемінің азаюына, мұхиттардың ағыстарының және желдердің бағыттарының ауысуына, жауын-шашынның өзгеруіне, Дүниежүзілік мұхит суының деңгейінің көтерілуіне алып келеді.

Атом энергетикасы шаруашылығының басынан аяғына дейін: уранды өндіру және өңдеу, жылу бөлетін элементтер алу, АЭС жұмысы, отынды сақтау және қалпына келтіру, осылардың барлығында да радиациялық ластау бар. Жер асты суларының тритимен ластануы барлық АЭС-тердің айналасында кездеседі. Қалыпты жұмыс істеп тұрған АЭС-тен келетін ең басты экологиялық қауіп − плутонимен ластану. Оны өндіре бастағанға дейін Жер бетінде бұл аса улы элемент бар болғаны 50 кг-дай еді. Қазір атом стансалары бірнеше жүздеген тонна плутоний шығарды, бұл ғаламшардағы барлық тіршілік иесін түгелдей уландыруға жетеді. Чернобыль АЭС (Украина) мен Фукусима АЭС-інде (Жапония) болған жойқын апатты рациациялық зардаптары қазіргі күнге дейін сақталып отыр. Сол себепті Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі (МАГАТЭ) атом энергиясының тиімділігінің және қауіпсіздігінің жолдарын іздестіруде.

Озон қабаты Жер шарын ғарыштан келетін ультракүлгін сәулелерден қорғайды. Ғалымдар атмосфера құрамындағы озонның 40%-ға азайып, озон қабатының бұзылу қаупі туды. Озон тесігі тұрақты құйынды желдермен шектелетін Антарктида үстінде 22 млн км2 аймақты қамтиды. Солтүстік жарты шардың орта және жоғарғы ендіктерінде озонның майда тесіктері байқалады. Озоны сирек ауа массасы Гренландия үстінде пайда болады, көбіне Ресей арқылы өтеді, ондаған озон қалыпты жағдайдағыдан 1,5 есе аз. Ал, биосфера үшін дағдылы табиғи жағдайдың 25%-ға өзгеруі апат деп саналады. Ғалымдар озон қабатының жұқаруына ғарыштық ракеталар (зымырандар) мен реактивті ұшақтардың жиі ұшырылуынан да болуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды.

Дүние жүзінде соңғы 150 − 200 жыл ішінде ормандар екі есеге дейін қысқарып кетті. Жыл сайын жер бетінен 11 млн га тропиктік ормандар жойылады, ол қалпына келтіріліп жатқандардан 10 есе көп. «Ғаламшар өкпесі» − Амазонка ормандары жайылым көлемін ұлғайту мақсатында, жол жасауда, целюлоза-қағаз кәсіпорындары үшін жаппай кесілуде. Оңтүстік-Шығыс Азия орман алқаптары ағаш сүректерін дайындап экспортқа шығарумен айналысады. Сонымен қатар орман алқаптары қышқыл жаңбырлардан, апатты өрттен, есепсіз кесіп отын ретінде пайдаланудан да азаюда. Ормандардың және өсімдік жамылғысының жойылуынан топырақтың құнарлы қабаты эрозияға ұшырап, тақырлану үрдісі (шөлдену, шөлейттену) кең етек жайды. Антропогендік факторлардың әсерінен ауыл шаруышалығы жерлерін пестицидтермен, гербицидтермен, нитраттармен және минералдық тыңайтқыштармен уландырып, жерді есепсіз жырту т.б. нәтижесінде жыл сайын шамамен 7 млн га ауыл шаруашылығы жерлерінің топырағы жарамсыз болып қалады. Құрғақ зоналар біртіндеп шөлге айналуда. Қазіргі уақытта Африканың Сахель зонасында (Сахара мен саванна аралығындағы елдер) шөлдену көлемі артып, апатты қуаңшылықтар белең алды.

Қазіргі таңдағы гидросфераның ластануы, әсіресе халықты тұщы сумен қамтамасыз ету үлкен шешуін таппай отырған өзекті мәселе. Жыл сайын өзендер мен көлдерге өндірістен шыққан тазармаған су келіп құюда. Дүние жүзіндегі ең лас өзен-көлдерге: Дунай, Рейн, Сена, Миссисипи, Еділ, Днепр өзендері мен Ладога және Балқаш көлдері кіреді.

Қоршаған орта бұзылуының ғаламдық зардаптары бүкіл әлемді қамтып отыр. Оларды кең көлемді, халықаралық ынтымақтастық жолда бірігіп шешуді қолға алып, БҰҰ «Табиғатты қорғаудың бүкіл дүниежүзілік стратегиясы» халықаралық құжатын қабылдады.

Энергетикалық және шикізат проблемалары − адам баласын энергия мен шикізатпен қамтамасыз ету проблемасы. Қазіргі таңда бүкіл әлемде отын мен шикізат түрлері өндіріліп, электр станциялары мен шаруашылық салаларының трқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етуде. Соның өзінде энергетикалық проблема ғалымдарды да, мемлекеттік қайраткерлерді де толғантуда. Оның мәні мыналарға келіп тіреледі: 1) көмірсутек шикізатының негізгі түрлерінің азаюы және кен орындарының жақын арада таусылатындығы; 2) көмір, мұнай, газ, тақта тас, шымтезек пайдалануға негізделген энергетика технологиясының жетілмегендігі, нәтижесінде қоршаған орта тез ластанып барады; 3) ғаламшарымыздың «қызып кету», «жылыжай эффектісі» болуына жағдай туып кету қаупі және Әлемдік мұхит деңгейінің көтеріліп кету мүмкіндігі; 4) ғаламдық апатты болдырмау және болашақта әр елдің энергия өндіруіне қойылатын шектеуді анықтау үшін әлемдік энергетикалық өсу шектерін белгілеу керектігі; 5) энергетика саласындағы бәсекелестік күрес салдарынан қақтығыстық жағдайдың көбеюі.

ХХ–ХХІ ғасырлар аралығында экономиканың тез дамуы энергетикалық шығындарды да көп керек етуде. Егер біз энергияны ұдайы осы көлемде тұтынатын болсақ қазіргі зерттелген органикалық отын қоры 150 жылға жетеді екен, оның ішінде мұнай − 40 жылға, газ − 50, көмір − 400 жылға жетеді. Сонымен, көмірсутектің табиғи қорының шектеулі екендігі ғаламдық энергетикалық проблеманың ең басты өзегі болып отыр.

Әрине, іздестіру жұмыстарын ары қарай жалғастырудың арқасында мұнай, газ, көмір, тақта тас қорлары әлі де табылуда, жетуі қиын, кен орындарынан алынуы қиындық туғызатын шиізаттар өндіріле бастады, бірақ олар өте қымбатқа түсіп отыр. Мысалы, Әлемдік мұхит түбінен бұрғылау 5-6 км тереңдікте жүргізілуде. Ресурстардың азаюы ресурс үнемдеу саясатын жүргізуді, шикізатты екінші қайтара пайдалануды талап етуде.

Батыста экономикалық дағдарыс шарықтаған 70-жылдары қазіргі энергетикалық проблема жайында алғаш сөз бола бастады. Көптеген жылдар бойы мұнай ең арзан әрі оңай қол жететін отын болып келді. Энергия пайдалану барған сайын көбейгенмен, мұнай арзан болған соң энергия құны ұзақ уақыт өзгермеді. Арабтың мұнай өндіруші елдері өз құқықтарын қорғау үшін мұнайды «саяси қару» ретінде қолданды, оның бағасын күрт көтеріп жіберді. Мұнай мен газды болашықтың энергетикалық резерві ретінде пайдалану мүмкіндігі екі талай болып қалды. Ал бұл ресурстар химия өнеркәсібі үшін де аса бағалы шикізат.

Сонымен, бүгін дүние жүзінің энергетикасы энергияның және минералдық пайдалы қазбаларға, сондай-ақ өзендер мен атомның энергиясына негізделген. Басты энергия көздері − мұнай, газ және көмір.

Адамзат қазір сарқылатын органикалық табиғи ресурстарға негізделген энергетикадан сарқылмайтын, энергияның балама көздеріне (жел, күн энергиясы, жер жылуы) негізделген энергетикаға көшуде.

Мұнаймен қамтамасыздық және экономикалық энергия үнемдейтін типіне көшу. Энергия үнемдеу жолында алдыңғы қатарлы капиталистік елдер үлкен жетістіктерге жетті. Энергия үнемдеудің әртүрлі жолдары іздестірілді: Энергияны үнемдеудің ең басты жолы энергияның балама көздерін кеңінен пайдалану; 100 км-ге 7-8 л (бұрынғы 15 л орнына) жағатын үнемді автомашиналар шығару; коммуналдық шаруашылықты жетілдіру; экономикадағы құрылымдық өзгерістер (энергияны аз жұмсайтын саланың үлесін көтеру, жаңа технологияларды дамыту);

Сонымен қатар, мұнай нарығындағы өзгерістер мұнай мен газды жаңа аудандардан (Солтүстік теңізі, Сібір, Аляска) іздеп табуға мәжбүр етті. ОПЕК-ке мүше елдердің үлесіне қазір мұнай өндірудің 38%-ы, оны экспортқа шығарудың 60%-ға жуығы тиеді.

АҚШ қазір мұнайдың бір бөлігін импорттауды жөн көріп отыр, Батыс Еуропа өзін өзі қамтамасыз ететін деңгейге жеткен жоқ (Солтүстік теңізінде үлкен және өнімді секторы бар Ұлыбритания мен Норвегия ірі экспортерлер болса да), бірақ ол импорттың сенімді көздерін тапты (Африка, Солтүстік теңіз). Жапония мұнай мен газды сол Таяу Шығыстан алады, бұл Аустралиядан да ала бастады. Мұнай бағасы күрт өзгеріп кетсе, бұл стратегия да өзгеруі мүмкін, бірақ басты мақсат сақталады − мұнайдың шет елдердегі, мысалы, ТМД елдеріндегі перспективалық көздерін пайдалана тұрып, өз ресурстарына «қол сұқпау».

Батыстың «Шелл», «Экссон», «Тексако», «Шеврон» сияқты аса ірі мұнай концерндері Каспий қайраңындағы мұнай кен орындарын игеруді қарастыратын «ғасыр жобасына» көз тігіп отыр. Оны жүзеге асыру үшін Әзербайжан мен Батыстың мұнай консорциумы (оған ресейлік «Лукойл» да кіреді) арасында келісім жасалынды.

Каспий теңізінің Әзербайжан, Қазақстан, Түркменстан, Иран жағалауларына жақын жатқан қайраңындағы орасан зор мұнай көңілін өзіне аударуда. Бұл мұнайлы ауданды игеру әлемдік мұнай нарығында ОПЕК-ке мүше елдердің рөлін көтерген болар еді.

Ал, болжам бойынша, АҚШ мұнайы өзіне 20 жылға ғана жетеді екен, 2000 жылы мұнайдың АҚШ-қа импорты өзінде өндірілетіннен екі есе асты. Жапония мен Германияда мұнай қоры мүлде жоқ. Бұдан біз ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығында мұнай құны 4-5 есе өсуі мүмкін деген болжам жасай аламыз.

Табиғи газ. Табиғи газ өндіретін өнеркәсіптер елдерде шоғырланған, барлық өндірілетін газдың 65%-ы Ресейдің, АҚШ-тың, Канаданың және Батыс Еуропаның еншісінде. Ресей сол газдың 27%-ын өндіреді. Трансконтиненттік және континентаралық (суасты) құбырлар құрылысының күрделі әрі аса қымбат болуынан халықаралық газ саудасы, әсіресе Азия және Африка елдері арасындағы сауда тоқталып тұр. Ірі трансконтиненттік газ құбырлары ТМД − Батыс Еуропа бағытында (Батыс Сібір газымен Германия, Франция, Аустрия, Орталық және Шығыс Еуропа елдері қамтамасыз етіледі) және Солтүстік Америкада ған (Аляска − Канада − АҚШ) бар. Суасты газ құбыры Солтүстік Африкадан Италияға және Испанияға жүргізілді.

Халықаралық сауданың маңызды бір түрі − сұйытылған газды теңізбен тасымалдау (15%), бірақ бұл жағдайда: газды экспортайтын портта оны сұйылтатын, ал иппорттайтын портта сұйық газды қалыпты күйе келтіретін қымбат құрылғылар тұрғызу керек. Табиғи газдың ең ірі экспортерлері − Ресей, Канада, Алжир, Нидерланд.

Ресей газының қоры жағынан 1-орында − әлемдік қордың 35%-ын иемденіп отыр. Батыс Еуропа елдерінің газбен қамтамасыз етілуі, негізінен, Ресейге байланысты − олардың сырттан алатын газының 65%-ы Ресей газы. Ресейде электр энергиясының 40%-ы газ арқылы алынады, «Газпром» Ресейдің бірден бір трансұлттық концерні. Ол газ құбырларының орасан зор торабы (ұзындығы 140 мың км) басқарады табиғи газ өндіруде және таратуда монополист рөлін атқарады, өндірілген газдың 2/3-ін экспортқа шығарады, қазынаға түсетін валютаның 1/3-нен астамын береді.

Көмір. Көмір өнеркәсібі − дамыған елдердің отын-энергетика кешендерінің ең байырғы саласы. Негізгі көмір өндіруші елдер қатарында − Қытай, АҚШ, Ресей, ОАР.

Батыс елдеріндегі экономикалық дағдарысқа дейінгі «мұнай молшылығы» бұрындары кен алынып жүрген шағын көмір алаптарының (Германиядағы Рур, Англиядағы көмір алаптары) жабылып қалуына себеп болды, содан ол аудандарда жұмыссыздық көбейді, жағдай нашарлады. АҚШ пен Канададағы көмір өндіру орталықтары Батыстың таулы штаттарына ауысты, онда көмірді жер бетінен ашық әдіспен алуға болады. Мұндай тиімді әдісті қолданып «Аустрия көмірлі елдер» қатарына қосылды, ол әлемде бірінші болып тас көмірді экспортқа шығарды (Жапонияға). Арзан жұмысшы күші болғандықтан және тас көмірден сұйық отын алу әдісін жақсы білетіндіктен ОАР да көмір өндіре бастады. ТМД елдерінде көмір ескі Донбасс, Қарағанды, Екібастұз кен орындарында өндіріледі. Ресейдің Кузбасс алабы ауыр экономикалық және әлеуметтік жағдай қалыптасты, кіріс бермейтін шахталар жойылды. Шығыстағы көмірлі аудандардың, атап айтқанда Канск-Ачинск алабының маңызы зор.

Гидроэнергетика. Бастапқы энергия ресурстарын пайдаланудағы гидроэнергетика үлесі шамалы-ақ (3,0%), бірақ оның электр энергиясын өндірудегі үлесі едәуір ─ (18,5%). Гидроэнергетикасы жақсы дамыған елдер ─ Канада, АҚШ, Норвегия. Бірақ «кешегі» дамушы елдердегі өндірілген жалпы электр энергиясының 31%-ы гидроэнергияның үлесінде. Соңғы жылдары бұларда ірі СЭС-тер тұрғызылды: Венесуэладе қуаты 10 млн кВт «Гури», Бразилияда қуаты 12 млн кВт «Ипайту» электр стансалары қатарға қосылды. Тағы бір аса ірі СЭС «Янцзы өзеніндегі үш табалдырық» Қытайда тұрғызылуда, қуаты 17,6 млн кВт.

Солтүстік Америкада СЭС-тердің белгіленген қуаты потенциалдық гидроресурстардың 83%-на жетті, ал Батыс Еуропада ол көрсеткіш – 98%. Бұл үлес Африкада өте аз – 8%. Жылу станцияларына қарағанда СЭС-тер арзан энергия береді. Жылу немесе атом электр стансаларымен салыстырғанда СЭС-тердің тиімділігі Ресейде едәуір жоғары, ал ол берген энергияның өзіндік құны жылу стансасындағыдан 6 есе төмен.

Бұл тұрғыдан алғанда Норвегяины мысалға келтіруге болады, газы мен мұнайы жергілікті бола тұра электр энергиясын түгелдей (99%) тау өзендерінің энергиясынан алады. Рас, күрделі қаражат жұмсау көмірмен немесе мазутпен жұмыс ітстейтін стансаларға қарағанда 2-3 есе жоғары.

Гидроэнергетиканы «экологияны ластамайтын» сала деп есептейді, дегенмен, су толтыратын зонада ауыл шаруашылығына жарамды жерлер, орман-тоғайлар су астында қалып қоюы мүмкін (бұл Ресейдің Сібірдегі СЭС-теріне тән жағдай).

Энергияның балама көздері. «Жасыл энергия» көздері туралы мәселе оңай мәселе емес. Қоршаған ортаны ластайтын көмірге, мұнайға, газға қарағанда, энергияның балама көздерін − «болашақтың энергиясы» деп атаймыз. Жел, күн, жердің ішкі жылуын, теңіздің толысу және қайту күштерін пайдаланып жұмыс істейтін қондырғылыр жаппай қолданысқа ене бастады. Ол біріншіден экологиялық таза, екіншіден табиғаттың алып күшін пайдалануға болатын тегін энергия.

Калифорния штаты жел энергетикасы дамыған әлемдегі ең ірі ауданға айналды. Содан кейін тұрған Ютланд түбегінің батыс жағалауы, онда ГФР мен Дания өздерінің «жел паркін» құрды. Жел энергетикасын ең бірінші пайдаланған ел – Дания, қазір қуаты орташа турбиналарды экспортқа шығаратын елге айналды, оларды сол баяғы Калифорнияға сатады. Жел стансаларын тұрғызудың ауқымды жоспары Қытай мен Үндістан да қабылданды.

Шикізаттық проблема − отын және минералдық шикізаттық қазба байлықтардың шектеулі және сарқылу мүмкіндігі.

Ғаламдық шикізат проблемасы, негізінен, мыналардан туындайды: 1) шаруашылықтың дамуына байланысты шикізатқа сұраным артуда; 2) пайдалы қазбаларды шығарып алуға жеңіл және экономикалық тиімді (жер асты жатуы) түрлерінің азаюы; 3) шикізат өңдейтін және әртүрлі қалдықтарды іске асыратын технологияның артта қалуы; 4) планетаның кең алқабында орман шикізаты ресурстарының жойылуы; 5) шикізаттың экспортерлері мен импортерлері арасындағы бәсекелестік күрестің ұшығуы және әлемде соған байланысты қақтығысулардың көбеюі.

Әрине, бұл проблеманы басқалардан, әсіресе энергетикалық проблемадан, бөлектеп қарауға болмайды. Мысалы, мұнай − шикізат ресурсы және энергетикалық ресурс, ал егер біз темір, мыс және басқа металдарды падаланып машина жасамасақ, мұнайдың онша керегі де болмас еді. Жанармай пайдаланатын техникамен жұмыс істеп, әртүрлі минералдық тыңайтқыштарды пайдалансақ жер құнарлы болады, одан алынатын өнім де мол болады.

«Шикізат» деген ұғымда үлкен астар бар. Бұл − қандай да бір өзгеріске ұшыраған және ары қарай өңдеуді қажет ететін еңбек материалдары мен заттары (мұнай және кен, жүн және ағаш жаңқалары және т.б.). Неше түрлі шикізаттар шығу тегіне қарай өнеркәсіптік және ауыл шаруашылықтық болып, пайдалануына қарай бірнеше категорияларға (отын-энергетика, металлургия, тау кен-химия және т.б) бөлінеді.

Минералдық ресурстар − адамзат өркениетін ұдайы алдыға жылжытып келе жатқан қозғаушы күш. Бірақ оның ресурстары шектеулі және ол қайта қалпына келмейді, егер біз оны дәп қазіргі қарқынмен пайдалана беретін болсақ оның қоры көпке бармайды.

Жер қойнауының жұтауы. Көптеген мемлекеттер ресурс үнемдеу саясатына көшсе де, минералдық шикізатқа деген сұраным барған сайын артып барады. Ежелгі Грекия мен Рим мемлекетінің гүлдену дәуірінде адам 19 химиялық элементті пайдаланған, ХVІІІ ғасырдың аяғында − 28, ХХ ғасырдың басында − 59 болса, екі мыңжылдықтың басында адамзат пайдаланатын элементтер мен литосфераның табиғи материалдарынан жасалған жасанды қосындылар саны 100-ден асып кетті.

Жыл сайын Жер қойнауынан 100 млрт тонна әртүрлі минералдық шикізат және отын алынады.

Алынуы оңай кендердің қоры тез таусылады. Мысалы, темір кенінің кен орындарын қарқынды пайдаланудың нәтижесінде Ескі Әлем тұрмақ, Жаңа Әлемнің темір кендері таусылуда. Темір кені Оралдағы (Ресей), Лотарингиядағы (Франция), Американың Ұлы көлдеріндегі қорлары бітуге жақын. Замбия мен Конго Демократиялық Республикасында мыс кенінің қоры азайды. Бір кездері фосфориттердің орасан зор қорымен аты әйгілі болған Тынық мұхит жағалауындағы Науру мемлекеті қазір ондай «атаған» жоғалтып алды.

Соңғы болжамдарға сүйенсек, пайдалы кендердің негізгі түрлері ХХІ ғасырдың екінші жартысына дейін жетеді екен. Мұндай болжам геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін көтерудің, жаңа кен орындарын ашудың, шикізатты алу және өңдеу тәсілдерін жетілдірудің негізінде жасалып отыр. Ал кейбір болжамдар бойынша жақын арадағы онжылдықтарда қорғасын мен мырыш кенінің, қалайының, алтынның, күмістің, платинаның, асбестің қорлары таусылып, сонан соң никель, алюминий және т.б. шығару тоқтатылады.

Кен орындарының шашырандылығы. Кен орындарының жер бетінде бірқалыпты таралмауы сол кендердің таусылу проблемасын күшейтті, шаруашылық байланысты қиындатты. Бір де бір мемлекет өзіне керекті минералдық ресурстардың барлық түрін иемденіп отырған жоқ, олар керегін шет елден импорттап алады. АҚШ өз мұқтаждығын минералдық шикізаттың 22 түрі бойынша ғана толық қамтамасыз ете алады, стратегиялық шикізаттың көптеген түрлерін (уран, кобальт, стронций, тантал, кадмий, вольфрам, хром, марганец және т.б.) тек сырттан алады Құны бойынша алатын болсақ АҚШ өзіне керекті минералдық шикізаттың 15-20%-ын, Батыс Еуропа ─ 70-80%-ын, Жапония ─ 90-95%-ын сырттан әкеледі. Өзінің минералдық ресурстарының ассортименті жағынан ешкімнен кем түсе қоймайтын Қытайдың өзі сырттан өте көп мөлшерде хромит алады.

Қосымша ресурстар. «Ресурстық ысырап» дәуірінен ресурсты ұтымды пайдалану кезеңіне көшу негізгі екі жағдайға байланысты. Бірінші жағдайда энергетикалық дағдарыс энергия үнемдеуші технологияның дамуына қатты әсер етті, әлемдік экономиканың экстенсивтік жолдан интенсивтік жолға түсуіне септігін тигізді. Материалдық өндіріс пен өндірістік емес қызметтің көптеген салаларында энергия шығыны едәуір азайды, нәтижесінде көмірсутек шикізаты біршама үнемделді.

Екінші жағдай ресурстарды «тікелей» ысырып жасаудың азайғандығымен байланысты. Мысалы, жер қойнауынан жыл сайын алынатын орасан көп тау жыныстарының тек 20%-ы ғана дайын өнім өндіруге пайдаланылады екен. Ал, ұзақ жылдар бойы жүздеген млрд тонна әртүрлі тау жыныстары үйінді болып жинақталып қалған. Электр стансаларының күлі мен металлургия зауыттарының шлактары қанша − миллиардтаған тонна болып олар жатыр. Кен орындарының бетін ашқандағы жыныстардан, қазба шикізаттарын байыту қалдықтарынан неше түрлі металдар, химия өнімдерін, құрылыс материалдарын − кірпіш, цемент, әк және т.б. алуға болады.

Қосымша шикізатқа дұрыстап көңіл бөлетін болса, ол әлемдік экономиканың «жаңа шикізат базасына» айналар еді. Кейбір ғалымдар ресурстарды қайтара пайдалану дәуірінің қалайда болатындығын болжап отыр, ол кезде қалдықтар басты шикізат материалына айналады, ал табиғи қорлар қосалқы көз болып қалады. Қосымша шикізат «өндіруде» проблема болмайды − индустриалды дамыған елдерде қалдық көлемінің өсу қарқыны материалдық өндіріс пен халық санының табиғи өсу динамикасынан екі есе асып түседі. Қолда бар мәліметтерге қарағанда 90-жылдардың басында қалдықтар қоры жыл сайын АҚШ-та 4,5 млрд тоннаға, Батыс Еуропада 2 млрд, Жапонияда 1,3 млрд тоннаға өсіп отырған.

Қосымша шикізатты жан-жақты пайдалану аз қалдықты және қалдықсыз технологияны игеруге алып келеді. Қалдықсыз пайдалануылуы 90%-ға жетсе оны қалдықсыз өндіріс деп санауға болады, ал 75 − 90% − аз қалдықты өндіріске жатады.

 


Дата добавления: 2016-01-04; просмотров: 1; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!